Pinduoduo-дан алынған тұқымнан лотос алқабы пайда болды
Атырауда екі оқушының қарапайым тәжірибесі Қызыл кітапқа енген лотостың жаңа өсетін аумағының пайда болуына себеп болды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
11 жастағы Шаттық Хами мен 12 жастағы Айым Жанкелді екі жыл бұрын лотос тұқымын алып, оны өзен арнасына егіп көрген.
AtyrauPress мәліметінше, қыздар 2024 жылы лотос тұқымын Қытайдан тапсырыспен алдырған. Алғашында олар өсімдікті аквариумда өсіруге тырысқан. Алайда нәтиже болмаған соң, қалған тұқымдарды үйлерінің маңындағы Перетаска өзегіне сепкен.
Бір жылдан кейін су бетінде алғашқы жапырақтар пайда болған. Ал биыл жазда лотос гүлдей бастаған. Нәтижесінде бірнеше тұқымнан көлемі шамамен футбол алаңындай гүл алқабы қалыптасқан.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты мамандарының мәліметінше, бұл аумақ лотостың жаңа өсетін жері ретінде назарға алынған. Лотос Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек өсімдіктердің бірі.
Жергілікті тұрғындар қазір Перетаска өзегіндегі гүлдеген лотосты тамашалауға қызығушылық танытып отыр. Атырау маңындағы бұл табиғи нысан өңірдегі лотос өсетін белгілі аумақтардың біріне айналуы мүмкін.
Ал екі оқушының құрметіне жаңа лотос алқабына «Шаттық-Айым» деген атау берілген.
Айта кетейік, Атырау облысында лотос алқаптары туристік нысан ретінде де танымал. Биыл Қиғаш өзені бойындағы лотос алқаптарын насихаттауға арналған Lotus Fest фестиваліне екі күнде 40 мыңнан астам адам қатысқан.