Әлем

Черногорияда атыс болып, үш адам қаза тапты: елде ұлттық аза тұту жарияланды

Черногорияның Даниловград қаласында орналасқан «Чешка зброевица» атыс кешенінде қарулы шабуыл болып, үш адам қаза тапты. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Қайғылы оқиғаға байланысты елде 1 және 2 қыркүйек ұлттық аза тұту күндері деп жарияланды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті атыс кешеніне келуші ретінде кіріп, кейін қызметкерлерге оқ атқан. Қаза тапқандардың барлығы сол жерде жұмыс істеген нұсқаушылар болған. Олардың жасы — 20, 24 және 67 жаста.

Шабуылдан кейін күдікті марқұмдардың бірінің көлігін алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін ол Подгорица маңындағы Рогами елді мекеніне жетіп, Херцег-Нови қаласына такси шақырған.

Құқық қорғау органдары күдіктіні іздеу үшін ауқымды операция жүргізді. Оған арнайы бөлімшелер, тікұшақтар және жолдағы бақылау бекеттері жұмылдырылған. Күдіктінің жүрген жері Херцег-Нови маңындағы орманды аумақта анықталған.

Ұстау кезінде күдікті полиция қызметкерлеріне оқ атқан. Артынша ол өзін-өзі өлтірген. Жергілікті БАҚ оның Ресей азаматы болуы мүмкін екенін жазғанымен, оның жеке басы мен құқықтық мәртебесіне қатысты мәліметтер тергеу барысында нақтылануда.

Черногорияның құқық қорғау органдары мен Жоғары мемлекеттік прокуратурасы шабуылдың нақты себептері мен күдіктінің елде болу мән-жайын анықтап жатыр.

Қайғылы жағдайға байланысты ел тұрғындары қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, аза тұту күндері ойын-сауық шараларынан бас тартуға шақырды.