Қоқыс жәшігінен жаңа туған сәби табылды: полиция қылмыстық іс қозғады
Жамбыл облысының Қордай ауданында жаңа туған қыз бала қоқыс контейнерінен табылды. Оқиға Гвардейский гарнизонының аумағында болған. Бұл туралы Newsroom.kz Zakon.kz ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратты Жамбыл облысының полиция департаменті растады. Нәрестені қоқыс жәшігінен тауып, медициналық мекемеге жеткізген.
Полиция мәліметінше, сәбиді қауіпті жағдайда қалдыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп, баланың анасын анықтау жұмыстары қолға алынған.
Дәрігерлердің бақылауындағы қыздың жағдайы тұрақты. Полиция бастапқыда оның өміріне қауіп жоқ екенін хабарлаған.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысына қатысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.