Pegasus Ресейге рейстерін тоқтатты
Түркияның Pegasus Airlines лоукостері 2 қыркүйекке жоспарланған Ресей бағытындағы бірқатар рейсті тоқтатты. Кейбір Мәскеуге бет алған ұшақтар әуеде кері бұрылып, Түркияға қайтқан. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Ресейлік және халықаралық БАҚ мәліметінше, өзгерістер Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресей әуе кеңістігі азаматтық авиация үшін қауіпті болуы мүмкін деген мәлімдемесінен кейін болды. Алайда Pegasus компаниясы рейстердің тоқтатылуын техникалық және операциялық себептермен түсіндірді. Компанияның хабарламасында 1 қыркүйектен 2 қыркүйекке қараған түні Ресей бағытындағы рейстер тоқтатылғаны, ал 2 қыркүйектегі кейінгі рейстер жоспар бойынша жалғасатыны айтылған.
Бұған дейін PC1456 Бодрум–Мәскеу рейсінің жолаушыларына «әуе кеңістігіндегі жағдайға» байланысты ұшуға рұқсат берілмегені айтылған. Сонымен қатар Измир мен Антальядан Мәскеуге ұшқан бірнеше Pegasus борты кері бұрылғаны туралы ақпарат тарады.
Мәскеудегі Внуково әуежайының мәліметінше, 2 қыркүйекте Pegasus Мәскеуге алты рейсті және Мәскеуден Түркияға тағы алты рейсті тоқтатқан. Әуежай басқа түрік тасымалдаушыларының рейстері жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Pegasus жолаушыларға билеттерін 2 қыркүйектен кейінгі күндерге қайта рәсімдеуді немесе ақшасын қайтаруды ұсынған. Ал Ресейлік туроператорлар тоқтатылған рейстердегі туристерді басқа ұшақтарға қайта отырғызу және қажет болған жағдайда қонақүй мен трансфер ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазір Pegasus-тың 2 қыркүйектен кейінгі Ресей бағыттарындағы рейстеріне жаппай тоқтату жарияланған жоқ. Компания әзірге кейінгі рейстер жоспарға сәйкес орындалатынын хабарлады.