Жаңалықтар

Пашинян Путинге ашық қарсы шықты: Армения ЕАЭО-дан шыға ма?

Қырғызстанда Ресей президенті Владимир Путин мен Армения премьер-министрі Никол Пашинян кездесті. Екі ел көшбасшылары Арменияның Еуропалық одаққа ұмтылысы мен Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігі туралы ашық пікірталасты. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Путин Арменияның ЕО-ға жақындасуы ЕАЭО-дағы мүшелікке қатысты мәселелер туындататынын айтып, Ереванның болашақ бағытын мүмкіндігінше тез анықтауы қажет екенін мәлімдеді. Ресей президентінің сөзінше, Арменияның Еуроодаққа кіруге ұмтылысы — оның заңды құқығы. Алайда бұл қадам ЕАЭО аясындағы артықшылықтардан айырылуға және сауда байланыстарының үзілуіне әкелуі мүмкін.

Путин Арменияның ЕАЭО құрамындағы экономикалық көрсеткіштерін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, 2015 жылдан бері елдің жалпы ішкі өнімі шамамен үш есеге, ал ЕАЭО елдеріне экспорты он есеге өскен. Сонымен қатар одаққа мүше мемлекеттер Арменияның сыртқы сауда айналымының шамамен 36 пайызын құрайды. Путин бұған дейін ЕАЭО елдері көшбасшылары Арменияға ЕО-ға қосылу немесе ЕАЭО құрамында қалу мәселесін жалпыхалықтық референдум арқылы шешуді ұсынғанын еске салды.

Алайда Пашинян бұл ұстаныммен келіспеді. Оның айтуынша, Армения 2025 жылы ЕО-ға қосылу процесін бастау туралы заң қабылдағанымен, бұл ЕАЭО алдындағы міндеттемелерді бұзбайды. Премьер Армения ЕАЭО-дан шығу рәсімін бастаған жоқ екенін атап өтті.

Пашинянның сөзінше, Ереван референдум өткізу мәселесін де қайта қараған.

«Заңды қабылдау арқылы біз іс жүзінде референдум идеясынан бас тарттық», — деді ол.

Путин бұл пікірмен де келіспей, басқа экономикалық ұйымға кіру процесін бастаудың өзі ЕАЭО-дан шығу мәселесін білдіретінін айтты. Ресей президенті референдумды қазір өткізіп, мәселені біржола шешуді ұсынды.

Пашинян болса, Арменияға нақты таңдау жасауға тура келетін уақыт әлі келген жоқ деп жауап берді. Оның пікірінше, ЕО мен ЕАЭО арасында нақты таңдау жасау қажеттілігі балама шын мәнінде пайда болған кезде туындайды.

Бұл Путин мен Пашинянның биылғы екінші ашық пікірталасы. Бұған дейін 1 сәуірде Мәскеуде өткен кездесуде де екі саясаткер Арменияның сыртқы саяси бағытына қатысты пікірлерін ашық білдірген болатын.