Әскер

Сарышаған полигонында Әуе қорғанысы күштерінің әзірлігі тексерілді

Сарышаған полигонында «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында «Ашық аспан – 2026» бірлескен оқу-жаттығуы өтті. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Оқу-жаттығуға Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштерінің бөлімшелері қатысты. Іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Садықов басшылық етті.

Негізгі мақсат – әскери басқару органдары мен бөлімшелердің әуе шабуылы құралдарының жаппай соққыларына тойтарыс беруге дайындығын бағалау.

Жаттығу барысында әскери қызметшілер авиация, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиоэлектрондық күрес бөлімшелерінің өзара іс-қимылын пысықтады. Сондай-ақ жедел маневр жасау, атыс міндеттерін орындағаннан кейін позицияларды ауыстыру және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл тәсілдері сынақтан өтті.

Практикалық кезеңде әуе шабуылына қарсы қорғаныстың эшелонды жүйесі құрамында С-75 зениттік-зымыран кешені қолданылды. Радиолокациялық құралдар мен радиоэлектрондық күрес кешендері бірыңғай ақпараттық-барлау кеңістігіне біріктірілді.

Оқу-жаттығуда С-300ПС зениттік-зымыран кешенін жердегі нысананы жою үшін қолдану да сынақтан өтті. Зымыран ұшыру нәтижесінде белгіленген нысана жойылды.

Сонымен қатар әскери қызметшілер шешім қабылдау үдерісіне жасанды интеллект элементтері енгізілген автоматтандырылған басқару жүйелерін сынақтан өткізді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, полковник Әділ Сүбебаевтың айтуынша, оқу-жаттығу барысында бөлімшелердің әуе жағдайы жылдам өзгерген кездегі үйлесімді әрекет ету қабілеті тексерілген.

«Алға қойылған міндеттер толық көлемде орындалды», – деді ол.

Оқу-жаттығу қорытындысында әскери бөлімшелердің түрлі әуе жағдайларында міндеттерді орындауға дайындығына баға берілді. «Ашық аспан – 2026» барысында жинақталған тәжірибе Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіру кезінде ескерілмек.