Қылмыс

⁠Оралдағы түнгі клубта қызды аяусыз соққыға жыққан ер адам ұсталды

Оралдағы түнгі клубтардың бірінің қосалқы бөлмесінде қызға жасалған қатыгез шабуыл әлеуметтік желіде тараған видеоға түсіп қалған. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады. Бұл туралы Zakon.kz сілтеме жасап Newsroom.kz хабарлайды.

Желіде тараған кадрлардан қыздың еденде отырып, өзіне шабуыл жасаған ер адамнан аяғымен қорғануға тырысқаны көрінеді. Бір сәтте ол ер адамды өзінен итеріп жібереді. Алайда шабуылдаушы қайта жақындап, қызға шыны зат лақтырады. Кадрларда заттың оның басына тиіп, сынғаны көрінеді. 

Оқиғаға қатысты әлеуметтік желідегі жарияланымдарда видеодағы ер адамның құқық қорғау органдарының қазіргі қызметкері екені туралы ақпарат тараған.

Алайда бұл мәліметті Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті жоққа шығарды. Ведомство күдіктінің полицияға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Видеодағы ер адамның жеке басы анықталып, ол ұсталып, полицияға жеткізілген. Қазір тергеу жалғасып жатыр және істің барысы Департамент басшылығының бақылауында.

«Тергеу мүддесіне байланысты» істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланбайды. Бұл туралы полиция ҚР ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасаған. 

Айта кетейік, оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде кең таралып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Қазір құқықтық бағаны тергеу нәтижесі анықтайды.