«Қазсушар» шығындарды толық жойып, өткен жылды пайдамен аяқтады
Қазақстанда су шаруашылығы саласын реформалау аясында «Қазсушар» РМК қызметі жаңғыртылып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпорын шығындарын толық жойып, өткен жылды пайдамен аяқтаған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Реформа аясында «Нұра топтық су құбыры» РМК «Қазсушар» құрамына біріктірілді. Сондай-ақ кәсіпорынның бейінді емес активтерін, соның ішінде топтық су құбырларын коммуналдық меншікке беру бойынша Жол картасы іске асырылып жатыр.
Кәсіпорында ашықтықты арттыруға да басымдық берілген. 2026 жылдан бастап су тұтынушылармен жасалатын барлық шарт жаңа биллинг жүйесі арқылы электронды форматқа көшіріледі. Сонымен қатар суару суы үшін қолма-қол төлем жасау тоқтатылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кәсіпорынның дебиторлық берешегі 90%-ға қысқарған.
Вице-министрдің айтуынша, «Қазсушарды» реформалау бизнес-процестерді автоматтандыруды, филиалдардың жұмысын жоспарлау мен тиімділігін бағалауды, кіріс пен шығысты басқаруды орталықтандыруды және жобалық басқару қағидаттарын енгізуді қамтиды.
Сонымен қатар кәсіпорынның техникалық паркі жаңартылып жатыр. Былтыр техника паркінің 27%-ы жаңартылған.