АҚШ пен Венесуэланың мұнай келісімінің егжей-тегжейі белгілі болды
The Wall Street Journal АҚШ президенті Дональд Трамп пен Венесуэла билігі арасындағы мұнай келісімінің шарттарын жария етті. Келісім АҚШ-қа жеке компаниядағы үлес пен өндірілген мұнайдың бір бөлігіне артықшылық береді.
The Wall Street Journal дерегінше, АҚШ пен Венесуэла арасындағы мұнай келісімі бойынша АҚШ жеке компания — North American Blue Energy Partners-тан тікелей үлес алады. Бұл компанияға қоры шамамен 65 миллиард баррель болатын 17 венесуэлалық мұнай кен орнын игеруге ғасырлық құқық беріледі.
Мәміле шарттарына сай, Пентагон жобаны қаржыландыруға көмектесіп, өндірістен пайда көреді. Басылымның жазуынша, келісімді Мемлекеттік департамент басқарған, ал Пентагон қаржыландыру тетігін іздеу кезінде соңына қарай қосылған. АҚШ 35 пайыздық үлес алуды және өндірілген мұнайдың 20 пайызын өзіндік құнымен сатып алуға басым құқық иеленуді көздеп отыр.
Rystad Energy талдаушысы Шрайнер Паркер бұл келісім ұзақ мерзімге сақталса, Дональд Трамп АҚШ-қа сланец революциясынан да кең ауқымды стратегиялық мұнай қорын қамтамасыз ететінін айтты. Дегенмен, ол аталған баррельдердің нақты өндіріс көлеміне айналуы әлі де көп белгісіздікке толы екенін атап өтті.
WSJ мәліметінше, Трамп пен Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес мәміле шарттарын хабарландыруға бірнеше күн қалғанда телефон арқылы келісіп алған. Құжат үкіметтер деңгейінде талқыланғанымен, АҚШ Венесуэла мемлекетімен емес, жеке компанияға инвестор ретінде қатыспақ.
North American Blue Energy Partners компаниясының басшысы Алехандро Бетанкурдың Родригеспен тығыз байланысы бар екені айтылады. Оған Испания мен Швейцарияда ақша жылыстату ісі бойынша тергеу жүргізілгенімен, айып тағылмаған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл келісімді «орасан жеңіс» деп атап, оның Батыс жарты шарда арзан шикізат жеткізілуін қамтамасыз ететінін айтты. Ал Родригес келісім Венесуэлаға 100 миллиард доллардан астам инвестиция мен мыңдаған жұмыс орнын әкелетінін мәлімдеді.
Сонымен бірге, WSJ жазуынша, мәміле көптеген венесуэлалықтардың ашуын туғызып, мұнай саласының өкілдері мен америкалық шенеуніктер арасында түсінбеушілікке себеп болған. Мұнай компаниялары үшін мемлекет қолдайтын құрылыммен бәсеке күшейетіні алаңдаушылық тудырып отыр.