Технология

NASA «Роман» телескопын ұшырды: ол ғаламның құпияларын зерттемек

NASA жаңа флагмандық ғарыш телескопын орбитаға шығарды. «Роман» қараңғы энергия, қараңғы материя және Күн жүйесінен тыс планеталарды зерттеуге арналған.

NASA өз ғарыштық жаңа флагмандық обсерваториясын орбитаға жіберді. «Роман» телескопы ғаламның ең күрделі құпияларының бір бөлігі саналатын қараңғы энергия мен қараңғы материяны зерттеуге, сондай-ақ үлкен ауқымдағы тартылыс күшін тексеруге және Күн жүйесінен тыс планеталарды іздеуге пайдаланылмақ.

Телескоптың ұшырылуы жексенбі күні Флоридадағы Кеннеди атындағы Ғарыш орталығынан SpaceX компаниясының Falcon Heavy зымыранымен жүзеге асты. Америкалық ғарыш агенттігінің мәліметінше, ұшу жоспарланған мерзімнен тоғыз ай ерте орындалған.

«Роман» атауы атақты америкалық астроном Нэнси Грейс Романның құрметіне берілген. Ол NASA-дағы астрономия бөлімін алғаш басқарған және агенттіктегі жоғары деңгейлі басшылық қызметке келген алғашқы әйел болған. Бұл телескоп 1990 жылы ұшырылған «Хаббл» телескопының және 2021 жылы орбитаға шыққан «Джеймс Уэббтің» ізбасары саналады. Негізгі миссиясы бес жылға жоспарланған, құны 4,3 млрд доллар.

Телескоп бөлініп шыққаннан кейін Жерден шамамен 1,6 млн км қашықтықтағы Лагранждің 2-нүктесіне қарай бағыт алады. Бұл қашықтық Айға дейінгі аралықтан шамамен төрт есе көп. Дәл осы орбиталық нүктеде «Вебб» телескопы да орналасқан. Ал «Хаббл» төменгі Жер орбитасында жұмыс істеп тұр.

Жаңа құрылғының айнасының ені 2,4 метр, яғни «Хабблдың» негізгі айнасымен бірдей. Алайда «Роман» бір түсірілімде «Хаббл» қамтитын аумақтан 200 еседен де үлкен аспан бөлігін суретке түсіре алады. NASA әкімшісі Джаред Айзекманның айтуынша, «Романның» астрономиялық бақылау мүмкіндігі «Хабблдан» 1 000 еседен аса артық, ал оның бір кадрдағы қамту аумағы әлдеқайда кең.

«Хабблдың» 35 жылдағы шамамен 400 терабайт дерегіне қарағанда, «Роман» жылына 500 терабайтқа жуық ақпарат жинай алады. Телескоптың кең ауқымды панорамалық бақылауы ғалымдарға ғаламның құрылымы, құрамы және эволюциясын зерттеуге мүмкіндік береді.

Жобаға жауапты аға ғылыми қызметкер Джули МакЭнери телескоптың қамту ауқымы сирек әрі ерекше құбылыстарды табуға жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, негізгі бақылау бағдарламасының өзі бір жылдан ұзақ уақытқа созылады. «Романның» көзінен екі миллиардтан астам галактика өтпек, бұл ғаламдағы жұлдыздар, галактикалар мен галактика шоғырларының қалай қалыптасып, қалай дамығанын түсінуге көмектеседі.

Ғалымдар сонымен бірге қараңғы материя мен қараңғы энергияның табиғатын айқындауға тырыспақ. Мустафа Ишақтың айтуынша, негізгі сұрақтың бірі — қараңғы энергия бос кеңістіктің тұрақты қасиеті ме, әлде уақыт өте өзгере ме. Ол сондай-ақ DESI жобасының соңғы нәтижелерінде қараңғы энергияның уақыт бойынша өзгеруі мүмкін екенін меңзейтін белгілер бар екенін айтты. «Роман» галактика шоғырларын картаға түсіріп, гравитациялық линзалау құбылысы арқылы материяның жарықты қалай майыстыратынын да зерттейді.

Телескоп экзопланеталарды іздеуде де маңызды рөл атқарады. Күтілген нәтиже бойынша, ол мыңдаған жаңа экзопланетаны анықтап, Жерге ұқсас планеталық жүйелер туралы алғашқы толық статистикалық көріністі ұсынуы мүмкін. Қазірге дейін Күн жүйесінен тыс 6 350-ден астам экзопланета табылған.