Қазақстанда отандық дәрі өндірісі 37%-ға өсті: фармацевтикада не өзгерді?
Қазақстанда соңғы үш жылда фармацевтикалық кәсіпорындардың өндіріс көлемі 37%-ға өсіп, 191 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Үкіметтің денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарға арналған шолуында айтылды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Оң динамика 2026 жылы да жалғасқан. Жылдың алғашқы жартысында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің көлемі 126,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артқан.
Қазір Қазақстанда фармацевтикалық және медициналық өнім шығаратын 209 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 43-і дәрі-дәрмек өндіреді. 2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша отандық өнімнің заттай үлесі 40,3%-ға жеткен. Сонымен қатар қазақстандық компаниялар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 2 994 атауын тіркеген.
Отандық кәсіпорындар бактерияға қарсы, жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған, ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы препараттар, сондай-ақ орталық жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер шығарады.
Фармацевтика саласына инвестиция көлемі де артып келеді. 2025 жылы салаға салынған инвестиция 56%-ға өсіп, 142,8 млн долларға жеткен. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 7,1 млн доллар тартылған.
Бұған қоса, Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті салу және кеңейту бойынша сегіз ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың жалпы құны 391,3 млрд теңгені құрайды. Олардың іске қосылуы нәтижесінде елде алғаш рет онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды, орфандық және инфекциялық ауруларға, сондай-ақ қант диабетіне арналған препараттарды қоса алғанда, 494-тен астам дәрілік зат өндіру жоспарланған.
Жаңа өндіріс орындары Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы және Қарағанды облыстарында пайда болады. Жобалар аясында шамамен 1 200 тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
Үкіметтің мәліметінше, фармацевтика өндірісін локализациялау импортқа тәуелділікті азайтып, өмірлік маңызды және қымбат дәрі-дәрмектердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.