Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты жаңа деректер айтылды
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 27 тамыздағы сот отырысында үйдің бұрынғы басқару органының өкілі Гүлжаухар Ахметова мен қаза болған фельдшердің әріптесі Дильназ Байзакова куәлік берді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Сотта Гүлжаухар Ахметова үйдің техникалық жағдайына қатысты тұрғындардан бұған дейін де шағымдар түскенін айтты. Оның сөзінше, 29-пәтердің тұрғыны 2017 жылы техникалық тексеру жүргізілгеннен кейін тиісті ақпаратты чатқа жариялаған. Сонымен қатар 36, 40 және 45-пәтер тұрғындары да қабырғалардағы жарықтарға шағымданған.
Куәгердің айтуынша, кейбір жарықтар үй пайдалануға берілгеннен кейін, шамамен 2005–2006 жылдары байқалған. Кейін шатырды жөндеу кезінде де жарықтар анықталып, оларды жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сотта қаза болған Ұлдана Мырзуанмен бірге жұмыс істеген фельдшер Дильназ Байзакова да оқиға күнін еске алды. Оның айтуынша, бұл Улданамен бір бригадада бірге жұмыс істеген алғашқы күні болған. Шақырту кезінде олар ғимараттан құлаған кірпіштердің астында қалған адамдарға көмек көрсетуге барған.
Байзакованың айтуынша, зардап шеккендерге көмектесіп жатқан кезде олардың үстіне де құрылыс бөлшектері құлаған. Ол құлағаннан кейін Ұлдананың жерде жатқанын көргенін айтып, оның ауыр жарақат алғанын жеткізді. Кейін Улдананы басқа жедел жәрдем бригадасы ауруханаға алып кеткен.
Іс бойынша ОСИ төрағасы Сауле Жубаниязова айыпталушы ретінде сот алдында отыр. Оған қызметтік міндеттеріне салғырт қарау, соның салдарынан адам өліміне әкелу бойынша айып тағылған. Бұған дейін оның қорғаушылары істі прокурорға қайтаруды сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.