Жаңалықтар

Қазақстанда ипотека мен автонесиеге сұраныс 20%-ға өсті

2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда бөлшек несие өнімдерінің барлық түріне сұраныс артқан. Әсіресе ипотекалық қарыздар мен автонесиелерге өтінім саны айтарлықтай көбейген. Бұл туралы  Newsroom.kz хабарлайды.

Ұлттық банктің мәліметінше, есепті кезеңде ипотекаға берілген өтінімдер саны тоқсандық есеппен 19%-ға өсіп, 228 мыңға жеткен. Ал бір өтінімнің орташа мөлшері 5%-ға артып, 21,5 млн теңгені құрады.

Реттеуші ипотекаға сұраныстың өсуін мемлекеттік және өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуымен, сондай-ақ жекелеген банктердің ипотекалық өнімдерін қайта іске қосуымен байланыстырады.

Автонесиеге де қызығушылық артқан. Екінші тоқсанда көлік сатып алуға несие алуға 1,5 млн өтінім түскен. Бұл бірінші тоқсанмен салыстырғанда 20%-ға көп. Алайда автонесие бойынша орташа сұралған сома 3%-ға төмендеп, 7 млн теңгені құрады.

Ұлттық банк автонесиеге сұраныстың өсуіне автосалондардағы жеңілдіктер, субсидияланған мөлшерлемелері бар бағдарламалар және банктердің ресми дилерлермен ынтымақтастығының кеңеюі әсер еткенін атап өтті.

Сонымен қатар несие өтінімдерін мақұлдау көрсеткіші де өскен. Ипотекалық қарыздар бойынша мақұлдау үлесі 33%-ға, автонесиелер бойынша 18%-ға жетті.

Ұлттық банктің болжамынша, 2026 жылдың үшінші тоқсанында ипотека мен автонесиеге сұраныс одан әрі өсуі мүмкін.