Алматыда өрт кезінде 127 адам құтқарылды
Алматыда Абай даңғылындағы 16 қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Құтқарушылар қою түтін басқан ғимараттан 127 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Оқиға Абай даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-қабаттағы бөлмелердің бірінде жиһаз тұтанған. Өрт салдарынан кіреберісті қою түтін басқан.
Төтенше жағдай орнына келген құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. 42 адам баспалдақ арқылы ғимараттан шығарылды.
Тағы 85 тұрғын, оның ішінде төрт бала, арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Бұл құрылғылар түтін басқан аумақта адамдарды қорғап, эвакуация кезінде тыныс алуға мүмкіндік береді.
Өрт көп ұзамай толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Мамандар көпқабатты үй тұрғындарына өрт кезінде лифтіні пайдаланбай, баспалдақпен шығуға және түтін басқан жағдайда ауыз-мұрынды дымқыл матамен жабуға кеңес береді. Өрт байқалған кезде бірден 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.