Жаңалықтар

Жүргізушілердің шағымынан кейін Павлодар МӨЗ-дегі бензин тексерілді

Қазақстандық жүргізушілердің АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин сапасына қатысты шағымдарынан кейін Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жүргізілді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

25 тамызда зауытта автомобиль бензиндерінің арбитраждық сынамалары тәуелсіз SGS Kazakhstan зертханасында зерттелген. Тексеру нәтижесінде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келетіні анықталған.

Кәсіпорынның мәліметінше, зертханада алынған сынамалар ГОСТ 32513 талаптарына сай болған. Сондай-ақ зауыттан жөнелтілген бензин партияларының сапасы да расталған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жүргізушілер жанармай құйғаннан кейін көліктерінде түрлі ақаулар пайда болғанын жазған. Осы шағымдарға байланысты Энергетика министрлігі Павлодар МӨЗ-ін тексеруге кіріскен еді.

Министр Ерлан Ақкенжанов бұған дейін тексеру барысында жанармай өндірісінің технологиясында заңбұзушылық бар-жоғы анықталатынын айтқан.

Алайда зауыттағы арбитраждық сынамалардан мәселе анықталмаған. Автокөлік жүргізушілерінің шағымына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Министрліктің тексеруінің қорытындысы бөлек жариялануы мүмкін.