25 тамызда зауытта автомобиль бензиндерінің арбитраждық сынамалары тәуелсіз SGS Kazakhstan зертханасында зерттелген. Тексеру нәтижесінде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келетіні анықталған.
Кәсіпорынның мәліметінше, зертханада алынған сынамалар ГОСТ 32513 талаптарына сай болған. Сондай-ақ зауыттан жөнелтілген бензин партияларының сапасы да расталған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жүргізушілер жанармай құйғаннан кейін көліктерінде түрлі ақаулар пайда болғанын жазған. Осы шағымдарға байланысты Энергетика министрлігі Павлодар МӨЗ-ін тексеруге кіріскен еді.
Министр Ерлан Ақкенжанов бұған дейін тексеру барысында жанармай өндірісінің технологиясында заңбұзушылық бар-жоғы анықталатынын айтқан.
Алайда зауыттағы арбитраждық сынамалардан мәселе анықталмаған. Автокөлік жүргізушілерінің шағымына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Министрліктің тексеруінің қорытындысы бөлек жариялануы мүмкін.