Жаңалықтар

АҚШ-та иммиграциялық виза бойынша сұхбаттар уақытша тоқтатылды

АҚШ әлем елдеріндегі елшіліктері мен консулдықтарында иммиграциялық виза алуға арналған жаңа сұхбаттарды уақытша тағайындауды тоқтатты. Бұл шара консулдық қызметкерлерді қосымша оқыту бағдарламасының басталуына байланысты енгізілді, деп хабарлайды Newsroom.kz.

АҚШ Мемлекеттік департаменті елшіліктер мен консулдықтардағы виза рәсімдеу кестесін уақытша өзгертті. Ведомство өкілдерінің айтуынша, консулдық қызметкерлер өтініш берушілерді бағалау тәртібіне қатысты арнайы дайындықтан өтеді.

Оқу бағдарламасының негізгі мақсаты – визаға өтініш берген азаматтарды жан-жақты әрі бірізді тексеру. Мамандар АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейін мемлекеттік әлеуметтік көмектерге тәуелді болуы мүмкін адамдарды анықтауға ерекше назар аударады.

Қазірдің өзінде кейбір өтініш берушілерге жоспарланған сұхбаттарының кейінге шегерілгені туралы хабарламалар келген. Жаңа кездесу күндері кейінірек хабарланатыны айтылған.

Сұхбаттарды тағайындау қайта қашан басталатыны әзірге белгісіз. Мемлекеттік департамент оқыту бағдарламасының нақты аяқталу мерзімін жариялаған жоқ.

Маңыздысы, қазіргі өзгеріс иммиграциялық визаларға, яғни АҚШ-қа тұрақты тұру үшін көшуді көздейтін азаматтарға қатысты. Туристік және басқа да уақытша визаларға бұл шараның қатысы жоқ.

Бұл шешім АҚШ-та иммиграциялық саясатты қатаңдату шаралары күшейіп тұрған кезеңде қабылданды. Бұған дейін ел билігі виза алуға үміткерлердің қаржылық жағдайы мен мемлекеттік көмекке тәуелді болу ықтималдығын бағалауға көбірек көңіл бөле бастаған еді.