Түркістан облысында мыңдаған тұрғын таза ауыз сумен қамтылады
Түркістан облысында шалғай елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы жобалардың барысы Сарыағаш ауданында да бақылауға алынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында бірнеше ауыз су нысанының құрылысымен танысты.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Ақжар елді мекенінде ауыз сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2025 жылдың тамызында басталған. Жобаның құны – 1,84 млрд теңге. Нысанның тәуліктік қуаты 327 текше метрді құрайды. Жоба толық іске қосылғаннан кейін ауылдағы 1 040 жеке тұрғын үй орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.
Сонымен қатар Сарыағаш қаласындағы «Самал-3» шағын ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны 4,55 млрд теңге. Қазіргі уақытта су құбырларын тарту жұмыстарының 60%-ы орындалған. Жобаны биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Ал Ақүй елді мекенінде ауыз сумен жабдықтау нысаны 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Мұнда жалпы сыйымдылығы 600 текше метр болатын екі су резервуары, екінші көтерілімдегі сорғы станциясы салынған. Сондай-ақ Алғабас елді мекенінен Ақүйге дейін ұзындығы 4,45 шақырым болатын екі су құбыры тартылып, елді мекенге ауыз су берілген.
Жылға ауылында да ауыз су инфрақұрылымы жаңартылған. Жоба аясында 104,8 шақырым су құбыры тартылып, нәтижесінде 5 990 тұрғын ауыз сумен қамтылған. Алайда жаз мезгілінде жерасты суы деңгейінің төмендеуі мен су тұтынудың артуына байланысты елді мекенге су әзірге кесте бойынша беріліп отыр.

Осы мәселені шешу үшін аудан әкімдігі ауыз суды тәулік бойы беруге бағытталған жол картасын бекіткен. Сонымен қатар Жылға ауылын «P-1» магистральды су құбырына қосу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Жылғы ауылдық округіне қарасты Шеңгелді елді мекенінде де ауыз су жүйесі салынып жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 300-ден астам үй таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Мұнда 63,4 шақырым су құбырын тарту және 162 су құдығын орнату көзделген. Қазіргі уақытта 60 метр тереңдіктегі ұңғыма бұрғыланып, су құбырлары толық тартылған, 150 құдық орнатылған.

Жұмыс сапары барысында жауапты тұлғаларға құрылыс қарқынын арттыру, жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау және техникалық талаптарды қатаң сақтау тапсырылды. Ауыз су мәселесін шешу де басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді.
Айта кетейік, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту – Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясындағы негізгі бағыттардың бірі.