Жаңа талаптарға сәйкес, электросамокатпен тротуарларда және жаяу жүргіншілерге арналған жолдарда жүруге болмайды. Ал жолдың жүру бөлігінде самокат жүргізуге тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын таққан азаматтарға рұқсат етіледі.
Қараңғы уақытта электросамокат жүргізушісінің киімінде немесе көліктің өзінде жарық шағылыстыратын элементтер болуы қажет. Сонымен бірге самокатпен жолаушы немесе қандай да бір жүк тасымалдауға тыйым салынады.
Жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде самокаттан түсіп, оны жетектеп өту керек.
Прокат қызметін көрсететін компанияларға да бірқатар міндет жүктеледі. Атап айтқанда, жалға берілетін электросамокаттар мемлекеттік тіркеу нөмірімен және міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілуі тиіс.
Бұдан бөлек, кикшеринг операторлары самокаттардың техникалық жағдайын бақылауға, белгіленген жылдамдық талаптарының сақталуын және көліктердің орналасуын қадағалауға міндетті.
Полиция жаңа ережелердің басты мақсаты – электросамокат жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.