«Ақ жол» партиясы Құрылтай сайлауын Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған қадам деп атады
«Ақ жол» демократиялық партиясының көшбасшысы Дания Еспаева Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы аяқталғаннан кейін қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол сайлаушыларға сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтып, партияға артылған жауапкершілікті атап өтті. Newsroom.kz хабарлайды.
Дания Еспаеваның айтуынша, алғашқы Құрылтай сайлауы елдегі саяси реформалардың заңды жалғасы болды. Оның пікірінше, сайлау ашық бәсекелестік жағдайында өтіп, азаматтарға өз таңдауын еркін жасауға мүмкіндік берілді.
«Халық Қазақстанның болашағын таңдады. Бұл — еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам», – деді «Ақ жол» көшбасшысы.
Ол партия үшін сайлау нәтижесі тек көрсеткіштермен өлшенбейтінін атап өтті. Әр дауыс артында азаматтардың сенімі мен үміті тұрғанын жеткізді.
Дания Еспаева «Ақ жол» партиясы өзіне сенім білдірген сайлаушылардың аманатын орындауға күш салатынын айтты.
Партия алдағы уақытта отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағыттарындағы жұмысты жалғастырмақ.
«Әр азаматтың дауысы естілуі, еңбегі лайықты бағалануы және кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік берілуі үшін дәйекті жұмыс істейміз», – деді Дания Еспаева.