ДР Конго үкіметі мен M23 көтерілісшілері бітім келіссөздерінің жол картасын бекітті
ДР Конго үкіметі мен Руанда қолдайды деген M23 тобы Швейцариядағы бес күндік келіссөзден кейін бейбіт диалогтың жол картасына келісті. Құжат атысты тоқтатуды бақылау тетігін құруды және келіссөздердің кезең-кезеңімен жүруін көздейді.
Демократиялық Конго Республикасының үкіметі мен Руанда қолдайды деген M23 көтерілісшілер тобы бейбіт келіссөздерге арналған жол картасын мақұлдады.
Швейцарияда өткен бес күндік талқылаудан кейін тараптар бірлескен мәлімдеме жасап, «жан-жақты бейбітшілік пен қақтығысты реттеуге бағытталған келіссөздерді жалғастыруға» уағдаласқанын және атысты тоқтатуды бақылау тетігін құратынын хабарлады.
Жол картасы 2025 жылы АҚШ араағайындығымен жасалған бейбіт негіздеме аясындағы келіссөздердің кестесін белгілейді. Алайда соған қарамастан, ДР Конгоның шығысында шайқас тоқтамаған. Бұл аймақ ондаған жыл бойы қақтығысқа тап болып келеді.
Сонымен бірге тараптар M23-ке қарсы санкциялар, ұсталғандарды босату және саяси реформалардың мерзімі сияқты мәселелер бойынша келіспеушілік сақталып отырғанын жасырған жоқ.
Соңғы келіссөздерге M23, ДР Конго үкіметі, Қатар, АҚШ, Того Республикасы, Африка Одағы комиссиясы және қабылдаушы тарап ретінде Швейцария қатысты.
Мәлімдемеде тараптар «Доха негіздеме келісімі» аясындағы міндеттемелер мен уағдаластықтардың орындалу барысын қарап, туындаған қиындықтарды еңсеретін тетік құруға келіскені айтылған. Сондай-ақ атысты тоқтату режимінің бұзылуын қадағалайтын механизм енгізілмек. Оның хатшылығы құрылды, ал алғашқы тексеру миссиясы дүйсенбі күні Оңтүстік Кивудағы соғыс жүріп жатқан Минембведе өтеді.