Токаев Қазақстанда ауқымды құрылыс басталатынын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Журналистермен әңгімесінде Халық кеңесі мен Ассамблеяның жұмысына тоқталып, алдағы жоспарлар туралы айтты. Президенттің сөзінше, елде поликлиника, балаларға арналған оңалту орталықтары және жаңа нысандар салынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев журналистермен әңгімесінде Халық кеңесінің қызметі мен Ассамблеяның болашағына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы жаңа орган Ассамблеяның жұмысын күшейтіп, аясын кеңейтеді деп санайтынын айтты.
«Халық кеңесі – жаңа орган. Кейбір азаматтар: «Болашақта Ассамблеяның жұмысы не болады?» деген сұрақ қойып жүр. Менің ойымша, Халық кеңесі Ассамблеяның жұмысын күшейтіп, кеңейтеді. Бұл — көпфункциялы, жаңа саяси көзқарас, жаңа саяси тетік. Сондықтан бұл кеңестің жұмысы табысты әрі жемісті болады деп ойлаймын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы алда Қазақстанда ауқымды құрылыс жүретінін де атап өтті. Оның сөзінше, елді үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажет.
«Шынында да, әр облыста, облыс орталықтары мен қалаларда ауқымды құрылыс жүргіземіз, поликлиникалар саламыз. Сондай-ақ балаларға арналған оңалту орталықтарын саламыз. Мәселен, Астанада жаңа көпір тұрғызылады. Оның құрылысын келесі жылы бастаймыз. Бұдан бөлек, домбыра сарайын, су мәселелері жөніндегі ірі зерттеу институтын немесе орталық саламыз. Жұмыс көп. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» науқанын да табысты жалғастыру қажет», – деді ол.
Тоқаевтың айтуынша, елдің ортақ ісіне бәрі атсалысуы керек. Президент «бізде Қазақстаннан басқа Отан жоқ» екенін айтып, бар күш-жігерді туған елдің дамуына жұмсауға шақырды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев саяси науқанның қалай өткенін де бағалады. Оның пікірінше, сайлау үдерісі жақсы өтті, жаңа тұлғалар көрініп, тың әрі ұтымды идеялар айтылды. Президент Құрылтай ел дамуына елеулі серпін береді деп есептейді.