Бағдат Мусин: цифрландыру мен саяси жаңғыру қатар жүруі керек
Бүгін Құрылтай сайлауында дауыс берген Бағдат Мусин Қазақстанның саяси және технологиялық жаңғыруы қатар жүруі маңызды екенін айтты.
Оның пікірінше, технология саласында жұмыс істеген жылдары қалыптасқан басты түсініктің бірі — кез келген жүйені уақыт талабына сай жаңартып отыру қажеттігі.
«Бұрынғы жүйе жаман болғандықтан емес. Уақыт өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады. Соған сай жүйе де өзгеруі керек», — деді ол.
Мусиннің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда саяси институттарды жаңарту және шешім қабылдау тәсілдерін өзгерту бағытында маңызды қадамдар жасалды. Ол бұл процесті цифрландыру саласындағы өзгерістермен тікелей байланыстырады.
Сарапшы бұрын мемлекеттің қызметтерін онлайн форматқа көшіру, анықтамаларды қысқарту және құжаттарды смартфонға енгізу негізгі міндет болғанын еске алды. Қазір күн тәртібінде жасанды интеллект, отандық есептеу қуаттары, дата-орталықтар мен заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылым тұр.
Сонымен бірге Мусин технологияның өзі жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның сөзінше, цифрлық шешімдер тиімді жұмыс істеуі үшін мықты институттар мен жауапкершілік ала алатын адамдар қажет.
Ол Қазақстанның толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тек қосымшалар мен серверлердің санымен өлшенбейтінін айтты.
«Бұл — шешімді жылдам қабылдайтын, халықты тыңдайтын, деректерге сүйенетін және әлеммен бірге өзгеруге дайын мемлекет», — деді Бағдат Мусин.