Жаңалықтар

Қызылорда облысының әкімі Құрылтай сайлауында дауыс берді

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Өңір басшысы «Құзыреттілік орталығында» орналасқан №222 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Newsroom.kz хабарлайды.

Дауыс бергеннен кейін Мұрат Ергешбаев учаскеге келген тұрғындармен кездесіп, олардың пікірін тыңдады.

Облыс әкімі бүгінгі сайлаудың ел тарихындағы маңызына тоқталды.

«Бүгін өтіп жатқан Құрылтай депутаттарының сайлауы – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанның жаңа бағдарын айқындайтын тарихи оқиға. Жаңа Құрылтай Парламенттік жүйенің тарихи сабақтастығын сақтап, егемен еліміздің жарқын болашағына қызмет етеді», – деді Мұрат Ергешбаев.

Ол Сыр жұртшылығының сайлауға белсенді қатысатынына сенім білдірді.

Қызылорда облысында сайлаушылар тізіміне 500 591 азамат енгізілген. Өңірдегі 386 сайлау учаскесінде 2 720 комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр. Оның 132-сі Қызылорда қаласында орналасқан.

Дауыс беру учаскелері таңғы сағат 6:00-де ашылып, дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.

Қимыл-қозғалысы қиын азаматтарға көмектесу үшін облыста 67 инватакси және 45 сурдоаудармашықызмет көрсетуде.

Сайлау учаскелерінде тұрғындарға арналған ұлттық ойындар мен тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынуда.

Сайлау учаскесін анықтау үшін азаматтар 109 Call-орталығына, «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисіне, Telegram-ботқа және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасына жүгіне алады.