Жаңалықтар

Түркістанда 1000-ға жуық тұрғын таңғы жаттығу жасап, Құрылтай сайлауына қатысты

Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионының алдында мыңға жуық тұрғынның қатысуымен бұқаралық таңғы жаттығу өтті. Спорттық шарадан кейін қатысушылар алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады. Деп хабарлайды Newsroom.kz

Бүгін Түркістан қаласында тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға және азаматтық белсенділікті қолдауға бағытталған ауқымды шара ұйымдастырылды. «Түркістан Арена» стадионының алдында 1000-ға жуық адам бас қосып, таңғы жаттығуларға қатысты.

Шара барысында қатысушылар сергіту жаттығуларын орындап, күнді көтеріңкі көңіл күймен әрі пайдалы дене белсенділігінен бастады. Бұқаралық жаттығу тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына және спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Жаттығудан кейін азаматтар қалада алғаш рет ұйымдастырылып отырған Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын білдірді.

Құрылтайдың алғаш рет өткізілуі әр азаматқа ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді. Бұл – қоғамның дамуына үлес қосуға ниетті тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін танытатын маңызды қадам.

Өз пікірін ашық білдіру, таңдау жасау және ортақ бастамаларды қолдау – елдің қоғамдық өміріне белсенді араласудың маңызды көрінісі. Осы ретте Түркістандағы шара тұрғындарды спортқа және қоғамдық белсенділікке үндеген мазмұнды бастамалардың бірі болды.

Айта кетейік, бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрғындардың денсаулығын нығайтумен қатар, қоғамдағы белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Ал азаматтардың сайлау үдерісіне қатысуы олардың ел дамуына деген жауапкершілігін көрсетеді.