Түркістан облысында тұрғындар белсенді дауыс беріп жатыр
Түркістан облысының тұрғындары Құрылтай депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, өз таңдауын жасауда. Ауылдық елді мекендер мен қалалардағы азаматтар сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беріп жатыр. Newsroom.kz хабарлайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Түркістан облысында барлығы 952 сайлау учаскесіжұмыс істеп жатыр. Оның 26-сы жабық нысандарда орналасқан.
Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 14 873 сайлаушыға дауыс беру үшін қолайлы жағдай жасалған.
Жалпы облыста 1 204 659 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бұл өңір халқының шамамен 56 пайызына тең.
Құрылтай сайлауы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде өтіп жатыр. Өңір тұрғындарының дауыс беруге қатысуы олардың азаматтық ұстанымы мен ел болашағына деген жауапкершілігін көрсетеді.
Түркістан облысы — халық саны бойынша еліміздегі ірі өңірлердің бірі. Сондықтан мұнда сайлаушылардың белсенділігі сайлау барысындағы маңызды көрсеткіштердің бірі болып отыр.