Жаңалықтар

Сүйінші! 6 жылда 4 млн қазақстандық газға қосылды

   Қазақстанда соңғы алты жылда газдандыру деңгейі 51%-дан 64,2%-ға дейін өсті. Осы кезеңде шамамен 4 млн адам алғаш рет табиғи газға қол жеткізді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Ресми мәліметке сәйкес, газдандыру жұмыстары осы жылдары 1 мыңнан астам елді мекенді қамтыған. Сонымен қатар 20 мың шақырым газ тарату желісі салынды.

Тек 2025 жылдың өзінде 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылған. Бір жыл ішінде шамамен 2 мың шақырым газ тарату желісі тартылған

Жұмыстар 2026 жылы да жалғасып жатыр. Қазір елде газ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 40 жоба іске асырылуда. Оның 7-еуі — өтпелі, 33-і — жаңа жоба. Биыл осы жобалардың нәтижесінде тағы шамамен 36 мың адам табиғи газға қол жеткізеді деп күтіледі.

Газдандырудың келесі маңызды бағыттарының бірі — солтүстік өңірлер. Бұл ретте «Ишим – Астана» магистральдық газ құбыры жобасының маңызы зор. Жоба Астана, Көкшетау және Петропавлды тұрақты газбен қамтамасыз етуге және солтүстік өңірлерге газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда халықтың табиғи газбен қамтылу деңгейін 2035 жылға қарай 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Осылайша, алты жыл ішінде газға қол жеткізген қазақстандықтардың саны 4 млн адамға артты. Алдағы жылдары негізгі міндет — газдандыруды жаңа өңірлерге кеңейтіп, инфрақұрылымды дамыту.