БҰҰ Конгодағы Эбола өршуі тез таралып жатқанын ескертті
БҰҰ Демократиялық Республика Конгодағы Эбола індеті кең аумаққа жайылып, оған қарсы күреске бөлінген қаржы таусылуға таяғанын мәлімдеді. Ұйым өкілі халықаралық қолдау шұғыл қажет екенін айтты.
Демократиялық Республика Конгода Эбола індеті тез таралып, қамтыған аумағы ұлғайып келеді. БҰҰ-ның Эболаға қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейс індетпен күресуге бөлінген қаражат тек алдағы бірнеше аптаға ғана жететінін айтты.
Ол журналистермен бейнебайланыс арқылы Итури провинциясындағы індет ошағы саналатын Буния қаласынан сөйлеген. Харнейстің сөзінше, қаржыландырудағы әрбір кідіріс індеттің салдарын ауырлатып, оны ауыздықтауды қиындатады және шығынды көбейтеді.
15 мамырда індет жарияланған сәттен бері 5 290 жағдай расталған, соның ішінде 2 516 адам қайтыс болған. Тағы 1 152 адам жазылып шықты, ал шамамен 840 адам оқшаулауда немесе ауруханаларда жатыр. Аурудың өлім-жітім көрсеткіші 47,6 пайызға жетті.
БҰҰ мәліметінше, барлық өлімнің жартысы соңғы 20 күнде тіркелген. Қазір вирус тараған аумақтың көлемі Франциядан да үлкен, ал індет БҰҰ мен жергілікті биліктің әрекетінен жылдамырақ кеңеюде.
Жағдайды жергілікті жерде жұмыс істеп жүрген мамандар үшін ауырлатып отырған тағы бір мәселе бар. Үш ай ішінде Эболаны жұқтырып алған 160 медицина қызметкерінің 43-і көз жұмған. Сонымен бірге жедел жәрдем көліктеріне тас лақтырылып, өрт қойылған, кейбір медицина мекемелері де шабуылға ұшыраған.
Харнейс сондай-ақ вирус тараған Итури, Солтүстік Киву, Оңтүстік Киву, Жоғарғы Уэле, Чопо және Төменгі Уэле провинцияларында негізгі әлеуметтік және мемлекеттік қызметтердің жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағдай өңірде ондаған жыл бойы жалғасқан қарулы қақтығыстардың салдары.
БҰҰ өкілінің сөзіне қарағанда, гуманитарлық қаржыландырудың, әсіресе соңғы екі жылдағы қысқаруы ұйымдардың мүмкіндігін 30 пайыздан астам азайтқан. Соған қарамастан, БҰҰ құрылымдары Конго билігі және халықаралық серіктестермен бірге індеттің таралуына қарсы жұмысты жалғастырып жатыр.