Мал шаруашылығына 48,7 млрд теңге бөлінді
Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар аясында 48,7 млрд теңге қарастырылды. Қаражат асыл тұқымды мал сатып алуға ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалады. Деп хабарлайды Newsroom.kz
Мал шаруашылығын қолдауға арналған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары бойынша бес әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға қаржы бөлінді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, бөлінген қаражат ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген қаржыландыру ұсынуға бағытталады. Кәсіпкерлер бұл қаражатты ең алдымен асыл тұқымды мал басын сатып алуға пайдалана алады.
Бағдарламалардың негізгі мақсаты – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, мал шаруашылығы саласындағы өндіріс көлемін арттыру және шаруалардың сапалы мал басына қолжетімділігін кеңейту.
Асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру шаруашылықтардағы мал сапасын жақсартуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ет пен сүт өндірісін ұлғайтып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына ықпал етпек.
Министрлік бұл бағыттағы қолдау шаралары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық мүмкіндігін кеңейтіп, өңірлердегі мал шаруашылығының дамуына серпін беретінін атап өтті.