23 тамыз – сайлау күні: Алматыда түрлі сала өкілдері азаматтарды дауыс беруге үндеді
Алматыда қоғамның түрлі саласының өкілдері қала тұрғындарын 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға үндеді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Үндеуге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, спортшылар, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, өндіріс пен қызмет көрсету саласының мамандары, жастар және блогерлер қосылды. Олардың айтуынша, сайлауға қатысу - әр азаматтың елдің қоғамдық-саяси өміріне деген жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам.
Алматының ардагерлер қауымы да бастаманы қолдады. Қалалық Ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында сайлауға қатысу мәселесі талқыланып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы штаб құрылған.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері сайлауға қатысуды ел бірлігі мен ортақ болашақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі деп бағалады. Ғалымдар мен сарапшылар да азаматтарды сайлау үдерісіне жауапкершілікпен қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінде арнайы отырыс өтіп, азаматтық белсенділіктің маңызы талқыланды. Кеңес мүшелері дауыс беру ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтық ұстанымның көрінісі екенін атап өтті.
Үндеуге спортшылар, кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері де қосылды. Құрылыс, қонақүй, көлік, консалтинг және басқа да салалардың мамандары дауыс берудің маңызын атап өтті. Ортақ бастаманы қаланың ірі кәсіпорындарының еңбек ұжымдары да қолдаған. Олардың қатарында «Қазлегпром-Алматы», «Асфальтобетон 1», «Алматы нан» және Angelcher компанияларының қызметкерлері бар.
Құрылыс саласының мамандары мен BI Group қызметкерлері де сайлауға қатысуды ел мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде бағалады.
Сонымен қатар қызмет көрсету және сауда саласының өкілдері, қоғамдық көлік жүргізушілері, курьерлер мен мопед жүргізушілері де азаматтарды дауыс беруге шақырды. 200-ден астам мопед жүргізушісі арнайы бейнероликтерге қатысып, құрдастарына үндеу жолдаған. Жастар мен блогерлер де сайлауға қатысу идеясын шығармашылық форматта насихаттап жатыр. Олар әлеуметтік желілерде азаматтық таңдау тақырыбында түрлі бейнероликтер жариялауда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастамаға әртүрлі буын мен мамандық иелерінің қосылуы азаматтық белсенділіктің қоғам өміріндегі маңызын көрсетеді.