Жаңалықтар

Трамп Канаданың тауарларына салынатын 50% баж салығын уақытша тоқтатты

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарға жоспарланған 50 пайыздық баж салығын енгізуді уақытша кейінге қалдырды. Бұл шешім екі ел арасындағы сауда келіссөздері аясында қабылданды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Жаңа тарифтер күшіне енуі тиіс болғанымен, Вашингтон оларды үш күнге кейінге шегерді. Трамптың айтуынша, бұл шешім АҚШ пен Канада арасындағы келіссөздердегі ілгерілеуге байланысты қабылданған. Канада тарапы да келіссөздерде айтарлықтай прогресс бар екенін растады. Жоспарланған тарифтер шамамен 20 млрд доллар көлеміндегі канадалық импортқа әсер етуі мүмкін. Оның ішінде алкоголь өнімдері, сүт өнімдері, ағаш және басқа да тауарлар бар.

Келіссөздердегі негізгі мәселелердің бірі  америкалық тауарлардың Канада нарығына шығу шарттары. Сонымен қатар АҚШ автомобиль, сүт және алкоголь өнімдері саудасына қатысты талаптарды өзгертуді көздеп отыр.

Трамп бұған қоса Keystone XL мұнай құбыры жобасын қайта іске қосу мүмкіндігін де көтерді. Құбыр Канададағы мұнай кен орындарын АҚШ-тың мұнай тасымалдау жүйесімен байланыстыруы тиіс болған. Жоба 2021 жылы тоқтатылған. Канада сауда министрі Доминик Леблан екі елдің келісімге «өте жақын» екенін мәлімдеді. Дегенмен бірнеше даулы мәселе әлі де шешімін таппаған.

Тарифтердің кейінге шегерілгені туралы ақпараттан кейін Канада доллары нығайып, шамамен екі жарым айдағы ең жоғары деңгейге көтерілді.