Жаңалықтар

7-сынып оқушысы үйде тұшпара жасап, табыс тауып жүр

Астанадағы 7-сынып оқушысы сабақтан кейін ата-анасына көмектесіп қана қоймай, өз еңбегімен табыс тауып жүр. Бейсен Тәңірберген алты жасынан бастап қамыр жаюды үйреніп, бүгінде әпкесімен бірге үй жағдайында тұшпара дайындап, шағын кәсіп жүргізіп отыр, деп хабарлайды newsroom.kz

Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейінің оқушысы Бейсен Тәңірберген тұшпара дайындауды алты жасынан бастап үйренген. Алғашында анасына көмектескен ол уақыт өте келе бұл істі шағын кәсіпке айналдырған.

Қазір Бейсен әпкесі Дариғамен бірге күніне 8-12 келіге дейін тұшпара дайындайды. Дайын өнімге көбіне дүкендерден арнайы тапсырыс түседі.

«Балаларымның күн тәртібі нақты жоспарланған. Олар сабақтан кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Одан кейін тапсырыс көлеміне қарай күніне 1-2 сағат тұшпара түйеді. Көбіне дүкендерден арнайы тапсырыстар түседі. Мен балаларға өнімді сату және өткізу жағына көмектесемін», – дейді Бейсеннің анасы Рысжан.

Жас кәсіпкер үшін бұл жұмыс тек ақша табудың жолы емес. Тұшпара дайындау арқылы ол еңбекке жауапкершілікпен қарауды, уақытын дұрыс бөлуді және істі соңына дейін жеткізуді үйреніп жүр.

Бейсен алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, тұшпарадан бөлек жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.

Жасөспірімнің бұл бастамасы оқушы кезден еңбекке араласып, өз қызығушылығын шағын кәсіпке айналдыруға болатынын көрсетеді.