Жаңалықтар

«Кейін қоңырау шаламын деген»: Ұлдананың анасы сотта сөйледі

Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында марқұмның анасы Салима Омарова сөз сөйледі. Ол қызының қаза болар алдындағы соңғы телефон әңгімесін еске алып, көз жасына ерік берді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

 Салима Омарованың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада Ұлдана кезекті шақыртуға бара жатқанын айтып, анасына қоңырау шалған. Олар кейін қайта сөйлесуге келіскен. Алайда араға шамамен 15 минут салып, Салимаға Әділеттің анасы телефон соғып, Ұлданаға қабырға құлағанын айтқан. Алғашында анасы жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінбеген. Кейін үлкен қызы Салимаға шұғыл түрде Астанаға ұшу керегін хабарлаған. Елордада оны балалары мен Әділеттің туыстары қарсы алған. Ол кезде Ұлдана ауруханада операцияда жатқан.

 Анасы қызы жатқан жансақтау бөліміне кірген сәтін де еске алды. Оның айтуынша, бөлмеде бірнеше адам болғандықтан, Ұлдананы бірден тани алмаған. Медициналық қызметкерлер көп кідіруге болмайтынын айтып, оны сыртқа шығарған.

 Салима Омарова қызының шақыртудан кейін қайта қоңырау шалатынын күткенін, алайда бұл қоңырау енді болмағанын айтты.