Жүкті әйелдерге арналған тегін тексерулер: 1 млн-нан астам әйел көмек алды
Қазақстанда әйелдерге жүктілікке дайындықтан бастап, босанғаннан кейінгі кезеңге дейін медициналық сүйемелдеу көрсетіледі. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бастап әйелдерді дені сау жүктілікке дайындауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында әйелдерге 12 түрлі тегін тексеруден өту мүмкіндігі қарастырылған.
2025 жылы жүктілік пен босану кезінде 430 767 әйел медициналық көмек алған. Сонымен қатар 1 миллионнан астам әйел әйелдер консультацияларының қызметін пайдаланған. Жүктіліктің 10 аптасына дейін медициналық есепке тұрған әйелдердің үлесі 18%-ға артып, 71%-ға жеткен.
Министрлік мәліметінше, ұрықтың даму ақауларын ерте анықтауға бағытталған пренаталдық скринингпен қамту 8%-ға өскен. Нәтижесінде ұрықтың даму кемістіктерін анықтау 13%-ға артса, нәресте өлімі 15%-ға төмендеген.
Қазір еліміздің барлық өңіріндегі перинаталдық орталықтар жанында 19 «Бір күндік клиника» жұмыс істейді. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел диагностикалық тексеруден өткен.