Жаңалықтар

Кенияда туристер мінген тікұшақ апатқа ұшырап, 7 адам қаза тапты

Кенияның Самбуру округіндегі Ололокве тауы маңында туристер мінген тікұшақ апатқа ұшырады. Борттағы алты жолаушы мен ұшқыштың барлығы қаза тапты. Деп хабарлайды Newsroom.kz

Қайғылы оқиға 19 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 09:13 шамасында болған. Eurocopter EC130 B4 тікұшағы Самбуру округіндегі Ололокве тауының маңында құлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесі Лайкипия округіндегі Соян ранчосынан Лойсаба қорығына қарай бағыт алған. Тікұшақта алты турист пен бір ұшқыш болған.

Апат орны таулы әрі жетуі қиын аймақта орналасқан. Оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар мен құтқару қызметтері жұмыс жүргізген. Апат болған жерде түтін мен өрт байқалған. Құтқару жұмыстарына қиын жер бедері кедергі келтірген.

Қаза болғандардың арасында бес АҚШ азаматы бар. Олардың қатарында Эквадордың Ұлттық барлау орталығының басшысы Микеле Сенси-Контуджи мен оның америкалық азаматтығы бар әйелі Стефани Холлиан да болған. Сондай-ақ қаза тапқандардың арасында америкалық телемедиа саласының өкілі Хосе Альберто Суарес бар.

Тікұшақты Lady Lori Helicopters компаниясы пайдаланған. Туристік сапарды &Beyond компаниясы ұйымдастырған.

Кенияның Азаматтық авиация басқармасы мен әуе апаттарын тергеу қызметі оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қазіргі уақытта тікұшақтың апатқа ұшырау себебі белгісіз.