Жаңалықтар

Банктердегі проблемалық несиелер көбейді: қарыз көлемі қанша?

 Қазақстан банктерінде проблемалық қарыздардың көлемі артып отыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің көлемі 17,2%-ға өскен. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің жалпы кредиттік портфелі 41,9 трлн теңгені құрады. Бұл жыл басынан бері 4,3%-ға өскен. Сонымен бірге халыққа берілген несиелер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың деңгейі 4,8% немесе 1,2 трлн теңге болды.

  Проблемалық қарыздардың ішінде бизнес несиелерінің үлесі де назар аудартады. Банктердің бизнес субъектілеріне берген кредиттері 16,1 трлн теңгеге жетсе, оның ішінде шағын және орта бизнеске берілген қарыздар 7,8 трлн теңгені құрады. ШОБ несиелері жыл басынан бері 14%-ға өскен.

  Айта кетейік, маусым айында Қазақстан банктері 4,1 трлн теңге көлемінде жаңа несие берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,7%-ға көп.