Меркіде қаза болған 19 жастағы Мадина Өзбекстан азаматы болған
Жамбыл облысының Меркі ауданында қаза болған 19 жастағы Мадина Рашидқызының Өзбекстан азаматы болғаны белгілі болды. Марқұмның күйеуі Қазақстан азаматы болған. Бұл туралы бірнеше қазақстандық ақпарат құралы жазды, деп хабарлайды newsroom.kz
Мәлімет бойынша, Мадина Меркі ауданында күйеуімен бірге шамамен екі жыл тұрған. Ерлі-зайыптылардың сегіз айлық сәбиі болған.
Мадинаның қазасына қатысты Жамбыл облысының полициясы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желіде марқұмның жақын құрбысы Мадинамен арадағы хат-хабарларын жариялаған. Құрбысының айтуынша, жас келіншек отбасындағы жағдайға байланысты бірнеше рет шағымданған. Сондай-ақ ол Мадинаның күйеуінен кетіп, ажырасқысы келгенін айтқанын жеткізді.
Әлеуметтік желіде ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдың себептері туралы түрлі ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтердің бір бөлігі марқұмның құрбысы мен туыстарының айтқандарына негізделген. Сондықтан оларды әзірге ресми расталған дерек ретінде қарастыруға болмайды.
Полиция тергеу мүддесіне байланысты істің басқа да мән-жайларын жарияламады.
Қазір Мадинаның өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталуы тиіс.