Омбыдағы ірі өрттен қазақстандық азамат көз жұмды
Ресейдің Омбы қаласында салынып жатқан көпқабатты үйде болған ірі өрттен Қазақстан азаматы қаза тапты. Оқиға 15 тамызда Драверт шағынауданындағы құрылыс нысандарының бірінде болған. Бұл туралы Newsroom.kz ҚР Сыртқы істер министрлігі сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт дәнекерлеу жұмыстары кезінде басталған. Құрылыс материалдары тұтанып, жалын ғимараттың жоғарғы қабаттарына тез тараған. Өрт шамамен 1000 шаршы метр аумақты қамтыған.
Оқиға кезінде бірнеше құрылысшы зардап шекті. Олардың бір бөлігі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қазақстан азаматы 2002 жылы туған. Ол денесінің шамамен 70 пайызын күйік шалып, ауруханаға жатқызылған. Кейін алған жарақаттарынан көз жұмды. Осылайша, өрт салдарынан қаза тапқандар саны екі адамға жетті.
Ресейлік тергеу органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Алдын ала нұсқалардың бірі-құрылыс кезінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Омбыдағы Бас консулдығы қаза тапқан азаматтың отбасына көмек көрсетіп, оның қайтыс болуына байланысты мәселелер бойынша Ресейдің тиісті органдарымен байланыста.