Жаңалықтар

Көлікке «жедел жәрдем»: трассаларда жаңа сервис іске қосылды

  Қазақстанның республикалық маңызы бар автожолдарында жүргізушілерге техникалық қолдау көрсететін жаңа сервис іске қосылды. Қазіргі уақытта жоба пилоттық форматта Астана-Аршалы және Астана-Теміртау трассаларында жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» деректеріне сүйеніп Newsroom.kz хабарлайды.

Егер жолда көлік істен шығып, дөңгелек жарылса немесе автокөлікті сүйреп әкету қажет болса, жүргізушілер 1403 нөміріне қоңырау шала алады. Операторға көліктің тұрған жерін, қай бағытта келе жатқанын және туындаған мәселені хабарлау қажет. Содан кейін оқиға орнына техникалық көмек көрсету экипажы жіберіледі. Қызмет тегін.

 Техникалық көмек көрсететін арнайы қызғылт сары пикаптар қажетті жабдықтармен және жарық сигналдарымен қамтамасыз етілген. Экипаж мамандары көліктегі ақауды шешуге көмектесіп қана қоймай, жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алуға да атсалысады.

 Пилоттық жоба барысында «ҚазАвтоЖол» қызметке деген сұранысты, мамандардың шақырту орнына жету уақытын және жүргізушілердің қандай мәселелермен жиі жүгінетінін саралайды. Жобаның нәтижесіне қарай сервисті басқа республикалық автожолдарға да енгізу жоспарлануда.

 Жүргізушілер мамандарды күткен кезде көлікті мүмкіндігінше жолдың қауіпсіз бөлігіне қойып, авариялық жарықты қосып, жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауы қажет.