Таңғы ас ішпейтін жастар көп пе? ДДСҰ Қазақстандағы жағдай туралы не дейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанға қатысты жариялаған деректеріне сәйкес, сауалнама жүргізілген кезде 8–10 жастағы балалардың 49,4 пайызы, ал 11–15 жастағылардың 53,3 пайызы ғана таңғы ас ішетінін айтқан. http://Newsroom.kz
Яғни көрсеткішке керісінше қарасақ, сауалнамаға қатысқан балалардың едәуір бөлігі таңғы асты күнделікті ішпеген. Бұл деректер Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің тамақтану әдетін бағалаған зерттеулерге негізделген.
Бұл ретте көрсеткішті қазіргі барлық қазақстандық жастарға тікелей қолдануға болмайды. Себебі аталған мәлімет белгілі бір кезеңдегі сауалнамаға қатысты. Дегенмен ол балалар мен жасөспірімдер арасында таңғы асты өткізіп жіберу мәселесі болғанын көрсетеді.
Таңғы асты өткізіп жіберу неге маңызды?
ДДҰ материалдарында жасөспірімдік кезеңде ағзаға қажетті қоректік заттарға сұраныс артатыны айтылған. Бұл уақытта адамның денесі ғана емес, миы мен когнитивтік қабілеттері де белсенді дамиды. Сондықтан тамақтанудың сапасы маңызды.
ДДҰ-ның балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына арналған материалдарында таңғы асты өткізіп жіберу таңертеңгі шаршаумен, зейін қою және оқу процесіне байланысты қиындықтармен байланыстырылған. Сонымен қатар таңғы ас ішпейтін жастардың күн ішінде майы көп әрі талшығы аз тіскебасарларды таңдауы ықтимал екені көрсетілген.
Демек, мәселе тек «таңғы ас іштің бе, ішпедің бе?» деген сұрақта емес. Таңғы астың орнына адам күн ішінде қандай тағам таңдайтыны да маңызды.
«Арықтау үшін таңғы ас ішпеймін» деген дұрыс па?
Тамақтануды әдейі өткізіп жіберу кей адамдарда салмақты бақылаудың бір тәсілі ретінде қарастырылуы мүмкін. ДДҰ зерттеу материалдарында жасөспірімдер арасында, әсіресе қыздарда, таңғы асты өткізіп жіберудің себептерінің бірі дене салмағын бақылауға деген ұмтылыс болуы мүмкін екені жазылған. Алайда бір ғана тамақты алып тастау дұрыс тамақтанудың орнына жүрмейді. Керісінше, кейін қатты ашығып, жоғары калориялы немесе құрамында қанты мен майы көп тағамдарды көп мөлшерде жеуге әкелуі мүмкін. ДДҰ материалдарында таңғы асты өткізіп жіберу мен күннің кейінгі бөлігінде майы және талшығы аз тіскебасарларды көбірек тұтыну арасында байланыс сипатталған.Сондықтан салмақты өзгерту қажет болса, тамақты өз бетінше толық шектеуден гөрі, рационның жалпы құрамына назар аударған дұрыс.
Таңғы ас міндетті түрде қандай болуы керек?
Таңғы ас міндетті түрде күрделі немесе қымбат болуы шарт емес. Ең бастысы — күнделікті рационның жалпы теңгерімді болуы.
Мысалы, таңертең:
жұмыртқа мен тұтас дәнді нан;
сұлы немесе қарақұмық ботқасы;
табиғи йогурт пен жеміс;
сүзбе мен жеміс-жидек;
жаңғақ қосылған сұлы ботқасын таңдауға болады.
Мұнда негізгі мақсат — бір ғана өнімге сүйенбей, әртүрлі тағам көздерін үйлестіру.
ДДҰ дұрыс тамақтанудың негізгі қағидаларын жеткіліктілік, теңгерімділік, мөлшерді сақтау және әртүрлілік деп көрсетеді. Ұйымның 2026 жылғы жаңартылған мәліметіне сәйкес, дұрыс тамақтану адамды дұрыс тамақтанбаудың түрлі формаларынан және жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет, инсульт пен қатерлі ісік сияқты жұқпалы емес аурулардан қорғауға көмектеседі.
Күніне қанша жеміс пен көкөніс жеу керек?
Бұл жерде де қызық көрсеткіш бар. ДДҰ 10 жастан асқан балалар мен ересектерге тәулігіне кемінде 400 грамм жеміс пен көкөніс тұтынуды ұсынады. Бұл шамамен бес порцияға тең. Сонымен бірге ұйым бос қантты тәуліктік энергияның 10 пайызынан аз мөлшерде тұтынуды ұсынады. Қосымша пайда үшін оны 5 пайыздан төмендету ұсынылады. Ал тұз мөлшері тәулігіне 5 грамнан аспауы керек.
Яғни таңғы ас ішкеннің өзінде оның құрамына мән берген жөн. Мысалы, күнді тәтті сусын мен бірнеше тәтті тоқаштан бастағаннан гөрі, құрамында дәнді дақыл, ақуыз, жеміс немесе көкөніс бар тағам таңдаған дұрыс.
Қазақстандық балалардың басқа тамақтану әдеттері қандай?
ДДҰ-ның Қазақстанға қатысты деректерінде таңғы аспен қатар жеміс пен көкөніс тұтыну көрсеткіштері де келтірілген.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстандағы жасөспірімдердің 38,4 пайызы ғана күн сайын жеміс, ал 43,6 пайызы көкөніс жейтінін айтқан. Сонымен бірге 11–15 жастағы балалардың 66 пайызы күнделікті ұсынылатын физикалық белсенділік деңгейіне жетпеген.
Бұл көрсеткіштер тамақтанудың денсаулықтың бір ғана бөлігі екенін көрсетеді. Дұрыс рационмен қатар күнделікті қозғалыс пен белсенді өмір салты да маңызды.
Бір күндік әдет кейінгі өмірге әсер етуі мүмкін
ДДҰ жасөспірімдік кезеңді адамның денсаулығының негізі қалыптасатын маңызды уақыт деп санайды. Дәл осы кезеңде тамақтану, физикалық белсенділік және басқа да күнделікті әдеттер қалыптасып, кейін ересек өмірде жалғасуы мүмкін. Сондықтан таңғы асты өткізіп жіберу немесе көкөніс пен жемісті аз тұтыну сияқты әдеттерді «ұсақ нәрсе» деп қарауға болмайды. Бір күндегі бір ғана тағам адамның денсаулығын анықтамайды, бірақ ұзақ уақыт бойы қалыптасқан тамақтану тәртібі маңызды рөл атқарады.
Қысқасы, таңғы ас — денсаулықтың жалғыз кепілі емес. Бірақ күнделікті рационның сапасы, тағамның әртүрлі болуы, жеміс пен көкөністі жеткілікті тұтыну және физикалық белсенділік адамның жалпы денсаулығына әсер ететін маңызды факторлар.