ШҚО-да 24 инфекция жағдайы расталды
Шығыс Қазақстан облысында кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінгендер саны 3,8 мыңға жуықтады. Зертханалық тексеру нәтижесінде кене энцефалитінің 14 жағдайы және Лайм ауруының 10 жағдайы расталған. Деп хабарлайды https://newsroom.kz
Шығыс Қазақстан облысында кене белсенділігінің екінші толқыны күтіліп отыр. Мамандардың айтуынша, тамыз айының соңында кенелер қайтадан белсенді бола бастайды.
Өңірде кене шағуына байланысты маусым басталғалы бері 3887 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың арасында 14 жасқа дейінгі 1146 бала бар.
Зертханалық зерттеулер нәтижесінде кене энцефалитінің 14 жағдайы және Лайм ауруының 10 жағдайы расталды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, энцефалит диагнозы қойылғандардың арасында 10 және 16 жастағы балалар да бар.
Мамандар тамыз айының соңында табиғаттағы кене белсенділігінің екінші кезеңі басталуы мүмкін екенін ескертеді. Осыған байланысты тұрғындарға табиғат аясына шыққанда сақтық шараларын ұстану ұсынылады.
Атап айтқанда, орманды және шөпті жерлерге барған кезде денені барынша жауып тұратын киім кию, кенеге қарсы репелленттерді пайдалану және серуеннен кейін денені мұқият тексеру қажет. Әсіресе балаларды кене шақпағанын мұқият қараған жөн.
Мамандардың айтуынша, кенені ерте анықтап, медициналық көмекке уақытылы жүгіну инфекцияның алдын алуда маңызды.