Аркадий Дубнов: Қазақстан сыртқы экономикалық байланыстарын әртараптандыруы керек
Қазақстанның мұнай экспортының негізгі бағыттарының біріне тәуелділігі геосаяси жағдай күрделене түскен кезеңде қосымша тәуекелдер туғызуы мүмкін. Сондықтан ел үшін сыртқы экономикалық серіктестікті кеңейтіп, бірнеше бағытқа сүйену маңызды. Бұл туралы саясаттанушы Аркадий Дубнов Berkinbayev_Podcast сұхбатында айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан ұзақ уақыт бойы мұнай экспортының едәуір бөлігін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалдап келді. Құбыр жүйесінің соңғы нүктелерінің бірі Ресей аумағындағы Новороссийск маңында орналасқан.
Дубнов бұл жағдай Қазақстанның экспорттық инфрақұрылымдағы тәуелділігін күшейткенін атап өтті.
«Қазақстан кезінде барлық мұнайын бір себетке салды», — деді сарапшы.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін аталған бағытқа қатысты тәуекелдер айқынырақ байқала бастады. Новороссийскідегі КҚК нысандарына дрондармен жасалған шабуылдар мұнай жөнелту үдерісіне ықтимал кедергілердің бар екенін көрсетті.
Саясаттанушының айтуынша, мұндай жағдайлар Қазақстан үшін экспорт бағыттарын ғана емес, жалпы сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру қажеттігін күшейтеді. Бір ғана бағытқа немесе серіктеске шамадан тыс тәуелді болу геосаяси тұрақсыздық кезінде экономикалық қысымды арттыруы мүмкін.
Сонымен бірге Дубнов Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасты толық тоқтатуы мүмкін емес екенін атап өтті. Бұған екі ел арасындағы ұзаққа созылған экономикалық байланыстар, ортақ шекара және тарихи қалыптасқан қатынастар әсер етеді.
«Қазақстан өз мақсаттарына өз бетінше жетуге ұмтылады. Бұл оңай емес, өйткені елдің Ресеймен ортақ шекарасы өте ұзын әрі экономикалық байланыстары тығыз», — деді Аркадий Дубнов.
Оның пікірінше, осы жағдай Қазақстан үшін көпвекторлы саясаттың маңызын арттырады. Яғни Астана Ресеймен байланысын сақтай отырып, Қытай, АҚШ, Еуропа және басқа да халықаралық серіктестермен экономикалық ынтымақтастықты қатар дамытуы қажет.
Сарапшының бағалауынша, мұндай тәсіл Қазақстанның сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жекелеген бағыттардағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді