Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» білім беру жобаларын кеңейтеді: 2026 жылы не өзгереді?

«Самұрық-Қазына» қоры білім беру саласындағы бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Инклюзивті білім беруді қолдаудан бастап, студенттерді дуалды оқыту мен жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға дейінгі бағыттар қамтылған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі атап өтілді. Қордың жобалары мектеп оқушыларын қолдаудан бастап, білікті кадр даярлауға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.

Инклюзивті білім беру

2024 жылдан бері қор Samruk-Kazyna Trust арқылы мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып келеді. Қазіргі таңда мұндай кабинеттер Астана мен Құлсары қалаларындағы, сондай-ақ Ақмола облысының бес ауылындағы 31 мемлекеттік мектепте жұмыс істейді.

2026 жылы жоба Ақтөбе мен Семей қалаларындағы тағы 15 мектепті қамтиды.

Кәсіби бағдар беру

Samruk Umiti жобасы аясында балалар үйлерінің 39 тәрбиеленушісі жұмысшы мамандықтарды таңдап, колледждерде білім алып жатыр. Тағы 40 тәрбиеленуші кәсіби бағдар беру бағдарламасынан өтуде.

Студенттерді даярлау

Қордың портфельдік компанияларында жыл сайын шамамен 10 мың студент дуалды білім алып, өндірістік тәжірибеден өтеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 4,3 мыңнан асты.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен бизнес арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. 2025–2026 оқу жылында 100-ден астам ЖОО оқытушысы өндірістік тағылымдамадан өтті. Ал келесі жылы тағы шамамен 100 оқытушыны тағылымдамадан өткізу жоспарланып отыр.

Жасанды интеллект

2026 жылдың қыркүйегінен бастап «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялардың 100 қызметкерін AI-Enabled University — Қазақ зерттеу жасанды интеллект университетінде «AI+X» қағидаты бойынша оқыту жоспарланған.

Халықаралық ынтымақтастық

2027 жылы Астанада Неміс шетелдік мектебін ашу жоспарланып отыр. Мұнда билингвалды білім беру, STEM бағыттарын дамыту және мәдениетаралық диалогқа басымдық берілмек.

Сондай-ақ 200 баланы оқытуға арналған білім беру грантын бөлу жоспарланған.