Бұл дәрумен депрессия белгілерін азайтуы мүмкін
Депрессия белгілері мен В6 дәруменінің арасында байланыс болуы мүмкін. Ғалымдар ағзасында бұл дәрумен жеткілікті адамдарда ауыр депрессия белгілерінің байқалу ықтималдығы төмен екенін анықтады, деп хабарлайды https://Newsroom.kz
Ғалымдар АҚШ-та жүргізілген зерттеуге қатысқан 26 мыңнан астам адамның мәліметін зерттеген. Олар A, C, D, E, B6, B9 және B12 дәрумендерінің деңгейін депрессия белгілерімен салыстырған.
Зерттеудің алғашқы нәтижесінде бірнеше дәруменнің жоғары деңгейі депрессия белгілерінің аз болуымен байланысты болған. Кейін ғалымдар қатысушылардың жасы, жынысы, денсаулығы, дене салмағы және өмір салты сияқты факторларды да ескерген.
Осыдан кейін көп дәрумен бойынша бұрын байқалған байланыс жоғалған. Ал В6 дәруменіне қатысты нәтиже сақталған. Яғни қандағы В6 деңгейі жоғары адамдарда депрессияның орташа және ауыр белгілері сирегірек кездескен.
В6 дәрумені не үшін қажет?
В6 дәрумені жүйке жүйесінің қалыпты жұмысына қажет. Ол адамның көңіл күйіне әсер ететін серотонин мен дофамин сияқты заттардың түзілуіне қатысады.
Дегенмен ғалымдар В6 дәрумені депрессияны емдейді деп нақты айтуға болмайтынын ескертеді. Зерттеу тек В6 дәруменінің деңгейі мен депрессия белгілерінің арасында байланыс бар екенін көрсеткен.
Сондықтан депрессия кезінде В6 дәруменін өз бетінше қабылдау немесе оны ем ретінде қолдану дұрыс емес. Бұл бағытта қосымша зерттеулер қажет.