Жаңалықтар

Астанада күрестен әлем чемпионатына дайындық қалай жүріп жатыр?

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындық барысына арналған брифинг өтті. Бұл туралы  Newsroom.kz хабарлайды.

  Әлем чемпионаты 24 қазан – 1 қараша аралығында Астанадағы Barys Arena спорт кешенінде өтеді. Жарысқа грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша спортшылар қатысады.

   Ұйымдастырушылардың мәліметінше, чемпионатқа 100-ге жуық елден 800–900 спортшы және жалпы саны шамамен 1 500 делегация мүшесі келеді деп күтілуде. Қазір халықаралық делегацияларды тіркеу жалғасып жатыр.

  Дайындық барысында спорттық инфрақұрылым, қауіпсіздік, медициналық қызмет, көлік логистикасы және делегацияларды орналастыру мәселелеріне басымдық берілуде. Чемпионатты Қазақстанда толық көлемде Qazsport телеарнасы көрсетеді.

  Қазақстан күрес федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Гүлбарам Құлахметованың айтуынша, әлем чемпионатынан кейін Barys Arena өз жұмысын жалғастырады. Арена тоғыз күнге жалға алынған. Чемпионат аяқталғаннан кейін де оқу-ағарту жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар халықаралық күрес академиясы аясында жасөспірімдерді спортқа ынталандыратын түрлі курстар мен зертханалар ашу жоспарланып отыр.

   Брифингте чемпионаттың ресми логотипі, фирмалық стилі мен проморолигі таныстырылды.