Жаңалықтар

2026 жылы бала туған кезде қандай жәрдемақылар төленеді?

Бала дүниеге келгеннен кейін ата-аналарға мемлекет тарапынан бірнеше әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның ішінде бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы және бала күтіміне арналған ай сайынғы төлем бар, деп хабарлайды http://Newsroom.kz

Бала туған кезде қанша жәрдемақы беріледі?

2026 жылы бала туған кезде отбасыға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері отбасындағы баланың туу кезегіне байланысты есептеледі.

Бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаға 272 475 теңге беріледі.

Бұл төлем ата-ананың жұмыс істейтініне немесе жұмыс істемейтініне қарамастан тағайындалады.

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемді кімдер алады?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын ата-аналарға бала күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі.

2026 жылы жәрдемақы мөлшері баланың отбасындағы туу кезегіне қарай өзгереді:

бірінші балаға – 24 912 теңге;

екінші балаға – 29 454 теңге;

үшінші балаға – 33 952 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.

Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері ата-ананың әлеуметтік аударымдары мен орташа табысына байланысты есептеледі.

Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?

Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың 1414 нөміріне SMS-хабарлама келеді. Хабарламада көрсетілген мәліметтерді растап, банк шотын көрсету жеткілікті.

Егер 1414 нөмірінен хабарлама келмесе, жәрдемақыға өтінішті eGov.kz, eGov Mobile немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы беруге болады.

Осылайша, бала туғаннан кейін ата-аналарға берілетін төлемдердің мөлшері баланың отбасындағы туу кезегіне және ата-ананың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуына байланысты болады.