Жаңалықтар

«Заң мен тәртіп – жастар таңдауы»: республикалық пікірсайыс турнирі өтті

«Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында QZO CUP «Заң мен тәртіп – жастар таңдауы» республикалық пікірсайыс турнирі өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz

Екі күнге созылған интеллектуалдық додаға еліміздің әр өңірінен келген үздік дебатшылар қатысып, өзара бақ сынады. Турнир барысында қатысушылар білімін, логикалық және сыни ойлау қабілетін, шешендік өнерін, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғау және қарсы пікірге сауатты жауап беру дағдыларын көрсетті.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды негіздерінің бірі. Осы құндылықтарды жастар арасында дәріптеу бағытында пікірсайыс алаңының маңызы зор. Себебі дебат барысында жастар өз ойын еркін жеткізіп қана қоймай, заңдылықты құрметтеу, азаматтық жауапкершілік және қоғам алдындағы міндеттер туралы пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Турнирдің басты ерекшеліктерінің бірі – еліміздің әр өңірінен келген жас дебатшылардың бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуы. Әр өңірдің өзіндік дебат мәдениеті, тәжірибесі мен жаңа идеялары ортақ пікірталас алаңында тоғысты.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Тараз қаласы мен Алматы қаласының «Тараз махаббатым» командасы иеленді. 2-орын Түркістан облысының «Бекзат Саттарханов» командасына бұйырса, 3-орынды Алматы облысының «И, Ақұдай» және Қызылорда облысының «Ұйқыбастар» командалары өзара бөлісті.

Жеке номинациялар бойынша «Ең үздік спикер» аталымына Алматы қаласының өкілі Есенов Темірлан лайық деп танылды. «Үздік спикер» номинациясы Шымкент қаласының өкілі Қалхабай Нұрмұхамедке берілді. «Үздік төреші» аталымын Набат Думан Сафуанұлы иеленсе, «Үздік делегация» Түркістан облысына бұйырды. Ал «Көрермен көзайымы» номинациясымен Сейсенбай Бақдаулет, Теңес Мейрамбек және Дастанұлы Диас марапатталды.

Республикалық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың пікірталас мәдениетін жетілдіруге, сыни ойлау қабілетін дамытуға және өз көзқарасын нақты дәлелдермен қорғауына мүмкіндік берді.

Айта кетелік, QZO CUP – жастардың білімін шыңдап, азаматтық ұстанымын қалыптастыратын және «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттайтын маңызды пікірталас алаңына айналды.