Аймақтар

Құбырлардың 40%-ы тозған: Алматы облысын қыста не күтіп тұр?

Алматы облысында алдағы жылыту маусымына дайындыққа 11,5 млрд теңге қарастырылған. Алайда жылу желілерінің тозуы 40 пайыз деңгейінде қалып отыр, ал көппәтерлі үйлердің 29 пайызы орталық жылумен қамтылмаған. Қысқа дайындықтағы басты мәселе қаражат көлемінде емес, оның нақты қандай мәселелерді шешетініне байланысты. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі хабарлайды. 

11,5 млрд теңге қайда жұмсалады?
Алматы облысында 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа жалпы 11,5 млрд теңге бөлінген. Оның 8,5 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, тағы 3 млрд теңгесі жеке инвестициялар есебінен қарастырылған. Қаражаттың бір бөлігі жылу инфрақұрылымын жаңартуға бағытталмақ. Биыл облыста 3,3 шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланған. Жоба іске асса, желілердің тозу деңгейі 40 пайыздан 38,5 пайызға дейін төмендейді деп күтіледі.


Сан жағынан қарағанда, төмендеу бар. Бірақ айырмашылық небәрі 1,5 пайыздық тармақты құрайды. Яғни биылғы жұмыстардан кейін де жылу жүйесінің едәуір бөлігі ескірген күйінде қалады.

176 шақырым желінің 40 пайызы тозған
Қазір Алматы облысында орталықтандырылған жылумен жабдықтау алты ауданда, сондай-ақ Қонаев пен Алатау қалаларында жүзеге асырылады. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 176 шақырым. Оның 40 пайызының тозғаны – қысқа дайындық мәселесінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл жерде мәселе тек құбырдың физикалық жағдайында емес. Жылу желісіндегі ақау қыс мезгілінде пайда болса, оның салдары тұрғындарға, әлеуметтік нысандарға және коммуналдық қызметтердің жұмысына тікелей әсер етуі мүмкін.


Сондықтан жылыту маусымына дайындықты бағалауда тек биыл жөнделетін желілер көлеміне емес, жалпы тозу деңгейіне, жаңартуды қажет ететін учаскелердің санына және алдағы жылдарға арналған жоспарға назар аудару маңызды.


Қонаевтағы екі жоба қаншалық өзгеріс әкеледі?
Жылу жүйесін жаңарту жұмыстарының тағы бір бағыты – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2026 жылы Қонаев қаласында жалпы құны 2,02 млрд теңге болатын екі жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 2,3 шақырым жылу желісін реконструкциялау көзделген.


Қаланың жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының нәтижесінде осы учаскелердің техникалық жағдайы жақсаруы тиіс. Алайда ұсынылған мәліметте реконструкция жүргізілетін желілердің нақты қандай нысандарды қамтитыны, олардың қазіргі тозу деңгейі және жобалар аяқталғаннан кейін қандай көрсеткішке қол жеткізілетіні көрсетілмеген.


Жылыту маусымына дайындықты тек жылу желілерінің жағдайымен бағалау жеткіліксіз. Өйткені облыстағы көппәтерлі тұрғын үйлердің барлығы бірдей орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Ресми мәлімет бойынша, облыста 2 065 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1 469-ы, яғни 71 пайызы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген.