Аймақтар

Ата-ананың бір шағымы: Қостанайдағы балалар орталығы не үшін жабылды?

Қостанай облысындағы «Светофор» балаларды сауықтыру орталығы ата-ананың шағымынан кейін тексерілді. Нәтижесінде балалардың тамақтануы мен ауыз суына, ғимарат пен аумақтың жағдайына, сондай-ақ қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуіне қатысты бірқатар талап бұзылғаны анықталған. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі хабарлайды.

Қостанай облысында балалар демалатын «Светофор» сауықтыру орталығы сот шешімімен жұмысын тоқтатты. Орталыққа қатысты тексеруге ата-аналардың бірінің арызы себеп болған. Мамандар шағымда көрсетілген деректерді тексеріп, оның бірқатар тармағын растаған. Атап айтқанда, балаларды тамақтандыру мен сумен қамтамасыз ету кезінде санитариялық талаптардың сақталмағаны анықталған. Сонымен қатар орталықтың ғимараты мен аумағының санитариялық жағдайына қатысты да кемшіліктер болған.


Тексеру барысында қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтуіне байланысты талаптардың да бұзылғаны белгілі болған.
Анықталған заңбұзушылықтардан кейін ұйымға берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының күші жойылды. Ал орталықтың қызметі сот шешімімен тоқтатылды.


Бұл ретте мәселе тек сауықтыру орталығының жұмысымен шектелмеген. Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін ұйымға санитариялық қорытынды берген лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.