Жаңалықтар

Арқалық әуежайына халықаралық код берілді

2026 жылғы 12 тамызда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Арқалық қаласының әуежайына AYK үш әріптік халықаралық кодын ресми түрде бекітті. Бұл шешім әуежайды халықаралық авиациялық ақпараттық жүйелерге енгізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Мемлекет басшысының Арқалық қаласы әуежайын реконструкциялау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі әуежайға халықаралық IATA кодын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізді.

Нәтижесінде Арқалық әуежайына AYK бірегей коды берілді. Аталған код әуежайдың әлемдік әуе көлігі жүйесіне интеграциялануындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Ол әуе билеттерін брондау және рәсімдеу, рейстер кестесін қалыптастыру, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы өзге де халықаралық ақпараттық жүйелерде әуежай туралы мәліметтерді пайдалануға жол ашады.

Халықаралық кодтың берілуі Арқалық әуежайының авиациялық кеңістіктегі танымалдығын арттырып, әуе қатынасын дамытуға қажетті алғышарттарды қалыптастырады. Бұл ретте жоба өңірдің көлік қолжетімділігін жақсартуға және әуежай инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.

Арқалық әуежайының AYK халықаралық кодын алуы – нысанды жаңғырту және оның Қазақстанның көлік жүйесіндегі рөлін күшейту бағытындағы кезекті маңызды кезең.